Өрлеу

«ӨРЛЕУДЕ» ОҚУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АКЦИЯ БАСТАЛДЫ

«ӨРЛЕУДЕ» ОҚУ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН АКЦИЯ БАСТАЛДЫ

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында «Оқу мәдениеті – ұйым мәдениеті» атты акция басталды. Бастамаға еліміздің 20 филиалынан құралған 21 команда қатысып, командалық оқу арқылы ортақ әдеби кеңістік қалыптастыруға кірісті.

 

Акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын қолдауға бағытталған. Оның басты мақсаты – қызметкерлер арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, оны кәсіби және тұлғалық дамудың ажырамас бөлігіне айналдыру.

 

Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» филиалының қызметкерлері бұл бастама аясында Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесін талқылады. Кездесу барысында шығармадағы адамгершілік, мейірім, бауырмалдық пен адам тағдырына деген жауапкершілік мәселелері сөз болды. Қатысушылар туындының тәрбиелік мәні мен көтерген тақырыптары төңірегінде ой бөлісіп, өз көзқарастарын ортаға салды.

 

Кітап оқу – тек ақпарат алудың жолы емес, ой-өрісті кеңейтудің, сыни ойлауды дамытудың және ортақ құндылықтар төңірегінде пікір алмасудың тиімді құралы.

Ортақ кітап – ортақ ой, ал ортақ оқу – ұйым мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы!

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар