Өрлеу

«Өрлеу» тарихындағы тағылымды тұлғалармен кездесу өтті

«Өрлеу» тарихындағы тағылымды тұлғалармен кездесу өтті

Ұстазға құрмет көрсету, оның еңбегін бағалау және қоғамдағы мәртебесін арттыру – білім беру саласындағы маңызды құндылықтардың бірі. Педагог мәртебесін нығайту, мұғалімдердің кәсіби дамуына жағдай жасау және білім беру жүйесінің өркендеуіне үлес қосқан мамандардың еңбегін бағалау – бүгінгі күннің өзекті міндеттері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагог мәртебесін көтеру, мұғалімнің қоғамдағы беделін нығайту және білім беру саласы қызметкерлеріне лайықты құрмет көрсету мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың педагогтерді қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және білім беру саласында жинақталған тәжірибені бағалау жөніндегі ұстанымдарымен де сабақтасады. Әсіресе, білім беру жүйесінің дамуына жылдар бойы үлес қосқан аға буын өкілдерінің еңбегін дәріптеу, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа таныстыру маңызды.

Осы бағытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жұмысында да ардагерлердің еңбегін ұлықтау, кәсіби мұраны сақтау және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ерекше мән беріледі. «Өрлеу» БАҰО Басқарма төрағасы Ғалымжан Алматовтың басшылығымен ардагерлерге құрмет көрсету, олардың кәсіби тәжірибесін бағалау және мекеме тарихындағы орны мен еңбегін дәріптеу мәселелері назарда. Өйткені әрбір ұйымның тарихы – оның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан адамдардың өмір жолы, қажырлы еңбегі мен жинақтаған тәжірибесінің шежіресі.

16 қазанда «Өрлеу» БАҰО АҚ Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтында әр жылдары мекеме жүйесінде қызмет атқарған ардагер қызметкерлермен арнайы кездесу өтті. Филиал директоры Маржан Анесовнаның бастамасымен және ұжым қызметкерлерінің атсалысуымен ұйымдастырылған басқосудың басты мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет білдіру, ортақ еңбек жолын еске алу және кәсіби сабақтастықты нығайту.

Жылы жүздесу барысында ардагерлер «Өрлеу» жүйесінде қызмет еткен жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, мекеменің қалыптасуы мен дамуына қатысты маңызды кезеңдерді еске алды. Әр жылдары атқарылған жұмыстар, кәсіби ортада қалыптасқан дәстүрлер мен әріптестік қарым-қатынастар туралы естеліктер кездесудің мазмұнын байыта түсті.

Мұндай басқосулар өткенге шолу жасаумен ғана шектелмейді. Олар – мекеме тарихын жасаған тұлғалардың еңбегін бағалау, жинақталған тәжірибені кейінгі буынға жеткізу және ортақ кәсіби құндылықтарды жаңғырту алаңы. Ардагерлердің еңбек жолы кейінгі буын қызметкерлері үшін адал қызметтің, жауапкершіліктің және өз ісіне деген құрметтің үлгісі болып табылады.

«Өрлеу» тарихында өзіндік орны бар әрбір қызметкердің еңбегі – ұйымның бүгінгі жетістіктерінің негізі. Білім беру саласындағы кәсіби даму жүйесінің өркендеуіне әр кезеңде үлес қосқан мамандардың тәжірибесі мен бастамалары мекеменің қалыптасу тарихының ажырамас бөлігі саналады.

Ардагерлермен кездесу аға буынға құрмет көрсетудің, мекеменің тарихи жадын сақтаудың және әріптестер арасындағы байланысты нығайтудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Осындай тағылымды кездесулер өткен мен бүгінді сабақтастырып, кейінгі ұрпаққа кәсіби мұраның қадірін ұғындыруға мүмкіндік береді.

Өткенге құрмет – бүгінгі жетістіктің бағасы, ал тағылымды тарих – болашаққа бағыт беретін рухани негіз. «Өрлеу» ұжымының ардагерлермен жүздесуі осы құндылықтарды дәріптеп, мекеменің дамуына үлес қосқан жандардың еңбегін ұмытпай, олардың өнегелі жолын жалғастырудың маңызын айқындады.

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

«Өрлеу» тарихындағы тағылымды тұлғалармен кездесу өтті — Өрлеу