Өрлеу

Жасанды интеллектті меңгеруден – өз шешімдерін әзірлеуге дейін

Жасанды интеллектті меңгеруден – өз шешімдерін әзірлеуге дейін
Қарағанды облысында информатика пәні мұғалімдеріне арналған «Білім берудегі ЖИ-модельдері» біліктілікті арттыру курстары аяқталды. 2026 жылы аталған курстардан өңірдің 200-ден астам педагогі өтті.

Курстың негізгі мақсаты – педагогтердің жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеу бойынша практикалық дағдыларын қалыптастыру, машиналық оқыту қағидаттарын меңгерту және интеллектуалды модельдерді әзірлеудің заманауи құралдарымен таныстыру.

Оқыту барысында педагогтер Machine Learning және Deep Learning бағыттарын меңгеріп, NumPy, Pandas, Matplotlib және Seaborn құралдары арқылы деректерді талдау мен визуализациялауды үйренді. Сонымен қатар регрессия және классификация модельдерін құру, нейрондық желілер мен компьютерлік көру технологияларының жұмыс істеу қағидаттарымен танысты.
Бағдарлама аясында табиғи тілді өңдеу (NLP), Transformer, LLM және Generative AI технологияларына ерекше назар аударылды. Практикалық жұмыстар Google Colab және Jupyter Notebook платформаларында жүргізілді.
Курстың маңызды бағыттарының бірі жасанды интеллектті білім беру үдерісінде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру болды. Қатысушылар оқытуды дербестендіру, білім беру нәтижелерін талдау және цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеу құралдарымен танысты.
Оқытудың маңызды кезеңі жобалық жұмысқа арналды. Педагогтер теориялық біліммен шектелмей, өздерінің жасанды интеллектке негізделген жобаларын әзірлеп, қорытынды жұмыстарын қорғады. Бұл алынған білімді тәжірибеде қолдануға және жаңа технологияларды мектептегі оқу үдерісіне енгізу мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашты.
Сонымен қатар жасанды интеллектті жауапты, қауіпсіз, этикалық және инклюзивті пайдалану мәселелері де талқыланды.
Курстар педагогтер үшін кәсіби тәжірибе алмасу, заманауи білім беру үрдістерін талқылау және информатиканы оқытудың жаңа тәсілдерін іздестіру алаңына айналды.
Оқытудың басты нәтижесі – педагогтердің жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгеруі ғана емес, өз жобаларын әзірлеп, жасанды интеллект технологияларын білім беру ортасында қолдануға бағытталған тың идеялар қалыптастыруы.
Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту және заманауи технологияларды меңгеруі білім беру үдерісін жетілдіруге және оқыту сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады
Бөлісу

Басқа жаңалықтар

Жасанды интеллектті меңгеруден – өз шешімдерін әзірлеуге дейін — Өрлеу