Өрлеу

ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУ: ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ

ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУ: ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ
2026 жылғы 8 қазанда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институты филиалында педагогтерді аттестаттаудан өткізудің пилоттық жобасына арналған ақпараттық-әдістемелік кездесу өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 5 маусымдағы №157-НҚ бұйрығымен бекітілген «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі пилоттық жобаны өткізу тәртібі» негізінде ұйымдастырылды.
Кездесуді «Өрлеу» Шымкент КДИ филиалының IT-маманы Дильдар Нарметова жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – педагогтерге пилоттық жобаның талаптары мен аттестаттау рәсімінің ерекшеліктерін түсіндіру, сондай-ақ аттестаттауға дайындық барысында әдістемелік қолдау көрсету.
Кездесу барысында пилоттық жобаның негізгі бағыттары, педагогтің кәсіби қызметін бағалау талаптары, кәсіби жетістіктерді жүйелеу және педагогтің цифрлық кәсіби профилін қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар педагогтердің кәсіби қызмет нәтижелерін саралау, әдістемелік тәжірибесін жүйелеу, жетістіктерін тиімді ұсыну және жаңа форматқа сәйкес құжаттарын дайындау бойынша түсіндірмелер берілді.
Кездесу аясында курс тыңдаушылары арасында пилоттық жобаға қатысты сауалнама жүргізіліп, педагогтерді толғандырған 20-ға жуық сұрақ жинақталды. Филиалдың IT-маманы аталған сұрақтарға жауап беріп, аттестаттау рәсімінің талаптары мен жекелеген мәселелеріне қатысты нақты түсініктемелер ұсынды. Бұл өз кезегінде педагогтердің пилоттық жоба талаптарын тереңірек түсінуіне және аттестаттауға дайындық барысында туындаған сұрақтарына жауап алуына мүмкіндік берді.
«Өрлеу» Кәсіби даму институты педагогтердің кәсіби өсуіне қолдау көрсетіп, білім беру саласындағы өзекті өзгерістер бойынша ақпараттық-әдістемелік сүйемелдеуді жалғастырады.
Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУ: ПИЛОТТЫҚ ЖОБА ЖӘНЕ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ — Өрлеу