Өрлеу

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ МЕН ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЫ

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ МЕН ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІН АРТТЫРУДЫҢ ЖАҢА БАҒДАРЫ

Бүгін Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» филиалының ұжымы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының тікелей трансляциясын тыңдады. 

Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында жарияланған Жолдауда Мемлекет басшысы экономикасы қуатты, технологиясы дамыған, білім мен ғылымға негізделген мемлекет қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл ретте адами капиталдың сапасын арттыру, білім беру жүйесін жетілдіру және өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау – ел болашағын айқындайтын негізгі бағыттардың бірі. 

Жолдауда білім сапасын арттырумен қатар, педагогтің кәсіби мәртебесі мен еңбек жағдайына да ерекше мән берілді. Мұғалімдерді артық есептілік пен негізсіз әкімшілік жүктемеден босату, олардың құқықтары мен абырой-беделін қорғау мәселелері білім беру саласындағы жұмыстың маңызды бағдарлары ретінде қарастырылды. Бұл міндеттер педагогтің негізгі қызметіне – сапалы білім беруге және оқушының тұлғалық дамуына көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік жасау қажеттігін көрсетеді. Сонымен қатар, цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, білім беру үдерісіне заманауи технологияларды енгізу, «Адал азамат» құндылықтарын орнықтыру, заң мен тәртіпті құрметтейтін жауапты ұрпақ тәрбиелеу мәселелерінің маңызы атап өтілді. 

Жолдаудан кейін филиалдың профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері көтерілген мәселелерді талқылап, олардың білім беру жүйесін дамытудағы және педагогтердің кәсіби өсуін қолдаудағы маңызы жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, оқыту сапасын арттыру және білім беру саласындағы жаңашылдықтарды тәжірибеге енгізу бағыттарына назар аударылды. 

Мемлекет басшысы айқындаған міндеттер білім беру ұйымдары мен педагогтердің алдына жаңа жауапкершілік жүктейді. Осы орайда Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» филиалы педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдау, заманауи білім беру тәсілдерін ілгерілету және сапалы білім беруге бағытталған бастамаларды жүзеге асыру жолындағы жұмысын жалғастырады.

Сапалы білім – ел болашағының берік негізі, ал кәсіби ұстаз – сол болашақты қалыптастыратын басты күш.

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар