Өрлеу

«ҚҰНДЫЛЫҚТЫ САБАҚТА ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ»: БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ПРАКТИКУМ

«ҚҰНДЫЛЫҚТЫ САБАҚТА ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ»: БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-ПРАКТИКУМ

«Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған онлайн-практикум өтті. Қала және облыс педагогтері қатысқан кездесуде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын сабақ мазмұнына кіріктіру жолдары қарастырылды.

Практикумды филиал кафедрасының аға оқытушысы Ж.Т. Узахова жүргізді. Кездесудің негізгі мақсаты — мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, сабақты бірлесіп жоспарлауына және оқушылардың бойына құндылықтарды сіңіруге бағытталған тапсырмалар әзірлеуіне әдістемелік қолдау көрсету.

Әдістемелік бөлімде құндылықтарды сабақтың мақсаты, мазмұны және оқу тапсырмаларымен байланыстыру тәсілдері талқыланды. Педагогтер сабақта қандай құндылыққа басымдық берілетінін, оның оқушы әрекетінен қалай көрінетінін және нәтижесін қалай бағалауға болатынын қарастырды.

Тәжірибе алмасу барысында мұғалімдер пән мазмұны мен тәрбие міндеттерін ұштастыратын тапсырмалар мен әдіс-тәсілдерді таныстырды. Соның ішінде жаратылыстану сабақтарында оқушылардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға, қоршаған ортаны танып-білуіне ықпал ететін практикалық жұмыстар мен цифрлық білім беру ресурстарын қолдануға назар аударылды.

Практикалық бөлімде қатысушылар таңдаған тақырыптары бойынша сабақ үзінділерін әзірледі. Олар оқу мақсатына сай құндылықтарды айқындап, күтілетін нәтижелерді белгіледі және сол нәтижелерге жеткізетін тапсырмалар құрастырды. Дайын жұмыстар таныстырылып, бірлесіп талқыланды.

Кездесу соңында педагогтер алған тәжірибесін қорытындылап, өз сабақтарында қолданатын тәсілдерді атап өтті. Онлайн-практикум мұғалімдерге құндылықтарды пән мазмұнымен ұштастырудың нақты жолдарын қарастыруға және сабақ жоспарлау тәжірибесін толықтыруға мүмкіндік берді.

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар