Өрлеу

КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ: ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ РЕСУРСТАР

КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ: ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ РЕСУРСТАР

Ағымдағы жылдың  29 қазанында «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының курстан кейінгі қолдау шаралары аясында бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған онлайн-практикумдар оздырылды. Zoom платформасында ұйымдастырылған іс-шаралар педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге, курста меңгерген білімдерін тәжірибеде қолдануына қолдау көрсетуге және өзара тәжірибе алмасуға бағытталды.

Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарын сабақ мазмұнына кіріктіру» тақырыбындағы интерактивті практикумды қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедраның аға оқытушысы Г.Б. Алипкалиева жүргізді. Практикумның мақсаты – бағдарламаның негізгі құндылықтарын оқу пәндерінің мазмұнымен тиімді ұштастыру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи педагогикалық тәсілдер мен практикалық құралдарды меңгерту.

Іс-шара барысында «Есептен – өмірлік дағдыға: математика сабағында «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыру», «Білімнен – ізгілікке: бастауыш сабақтарында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру», «Адал азамат» бағдарламасы: тәрбие құндылықтарын пәндік біліммен ұштастыру» және «Бір сабақ – мың мүмкіндік: білім мен құндылық үндестігі» тақырыптары қамтылды. Қатысушылар пәндік білім мен тәрбиені сабақтастыру жолдарын талқылап, тәжірибелерімен бөлісті. Қорытынды бөлімде курстан кейінгі қолдау шеңберінде атқарылған жұмыстардың мониторингі мен қол жеткізілген нәтижелер қарастырылды.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Тілдік дағдыларды дамыту және функционалдық сауаттылық: цифрлық ресурстардың мүмкіндіктері» тақырыбындағы интерактивті практикум қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедраның аға оқытушысы Р.С. Куанаеваның жетекшілігімен өтті. Іс-шара мұғалімдердің тілдік дағдыларды дамытуға және білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған цифрлық ресурстарды тиімді қолдану құзыреттілігін жетілдіруді көздеді.

Практикум аясында тілдік дағдыларды дамытуға арналған функционалдық тапсырмалар, лексика-грамматикалық минимумды функционалды меңгертудің тиімді жолдары және қазақ тілі сабақтарында цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Тыңдалым мен жазылым дағдыларын дамыту арқылы білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру тәсілдеріне ерекше назар аударылды.

Онлайн-практикумдар педагогтерге сабақ мазмұнын құндылықтармен байланыстыру және цифрлық ресурстар арқылы оқу тапсырмаларының практикалық маңызын арттыру жолдарын талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер курстан кейінгі әдістемелік қолдаудың жалғасы ретінде мұғалімдердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге және тиімді оқыту тәсілдерін таратуға ықпал етеді.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

КУРСТАН КЕЙІНГІ ҚОЛДАУ: ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН ОҚЫТУ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ РЕСУРСТАР — Өрлеу