Өрлеу

ШЕДОУИНГ: ЖАС ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ БЕЙІМДЕЛУІНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ

ШЕДОУИНГ: ЖАС ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ БЕЙІМДЕЛУІНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ

30 қазан күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалында «Шедоуинг – жас педагогтің кәсіби бейімделуінің және тәжірибесін жинақтаудың практикалық тетігі» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға қалалық және аудандық білім бөлімдерінің әдістемелік кабинет әдіскерлері, жалпы білім беретін мектептердің педагог-тәлімгерлері мен жас мұғалімдері қатысты.

Семинардың мақсаты – жас педагогтің кәсіби бейімделуіне қолдау көрсету үшін Shadowing әдісін ұйымдастыру, мақсатты бақылау жүргізу, педагогикалық әрекеттерді рефлексивті талдау және кәсіби дамуды жоспарлау бойынша тәлімгерлердің құзыреттілігін дамыту.

Семинар барысында қатысушылар сауалнама нәтижелерімен танысып, тәлімгерлік тәжірибесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. «Take Off – Touch Down» жаттығуы арқылы тақырыпқа қатысты тәжірибелерімен бөлісіп, жас мұғалімнің кәсіби қалыптасуындағы тәлімгердің рөлін қарастырды. Тұжырымдамалық бөлімде Shadowing әдісінің мәні, негізгі қағидаттары және бақылаудың басқа түрлерінен айырмашылығы түсіндірілді.

Практикалық бөлімде қатысушылар «Сұраныстан бақылау нысанасына дейін» жаттығуы арқылы жас педагогтің кәсіби қажеттілігіне сәйкес бақылау мақсаты мен нысанасын анықтауға машықтанды. Ал «Байқадым — пайымдадым — қолдандым» жаттығуы аясында бақылау кезінде жинақталған тәжірибені талдап, оны өз педагогикалық қызметіне бейімдеу жолдарын пысықтады.

Сондай-ақ қатысушылар кәсіби даму жоспарын әзірлеп, алдағы жұмыстарының басым бағыттарын белгіледі. Қорытынды кезеңде өзін-өзі бағалау жүргізіп, семинарда меңгерген тәсілдерді тәжірибеде қолдануға қатысты жеке міндеттемелерін айқындады.

Қазақ және орыс тілдерінде өткен семинар тәлімгерлер мен жас мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, мақсатты бақылау мен рефлексияға негізделген кәсіби қолдау тәсілдерін жетілдіруіне мүмкіндік берді.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ШЕДОУИНГ: ЖАС ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ БЕЙІМДЕЛУІНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ ҚОЛДАУ — Өрлеу