Өрлеу

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ПЕДАГОГТЕРІНЕ АРНАЛҒАН МАСТЕР-КЛАСС ӨТТІ

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ ПЕДАГОГТЕРІНЕ АРНАЛҒАН МАСТЕР-КЛАСС ӨТТІ
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Астана қаласы бойынша Кәсіби даму институтында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері мен әдіскерлеріне арналған «Мектеп жасына дейінгі ересек балалардың танымдық белсенділігін дамыту технологияларын меңгеруде тәрбиешілерге әдістемелік қолдау көрсету» тақырыбында практикалық мастер-класс ұйымдастырылды.

Мастер-классқа мектепке дейінгі ұйымдардың 5–6 жастағы және мектепалды даярлық топтарының тәрбиешілері, сондай-ақ әдіскерлері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тәрбиешілердің кәсіби тәжірибесін жетілдіру, балалардың танымдық белсенділігін арттыруға бағытталған заманауи технологияларды тиімді қолдану жолдарын көрсету және педагогтерге жүйелі әдістемелік қолдау көрсету тәжірибесімен бөлісу.

Мастер-класс барысында қатысушылар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты талаптары аясында баланың дербестігі мен бастамашылдығын дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар танымдық белсенділікті қалыптастырудағы әдістемелік сүйемелдеудің маңызы, педагогтердің кәсіби қиындықтарын анықтау және оларды шешудің тиімді жолдары қарастырылды.

Практикалық бөлімде «Үлгіден – зерттеуге» тақырыбындағы практикум өткізіліп, қатысушылар балалардың дайын жауапты қабылдауынан гөрі, өз бетінше сұрақ қойып, болжам жасап, оны тексеріп, қорытынды шығаруына мүмкіндік беретін педагогикалық жағдаяттарды құрастыру бойынша жұмыс жасады.

Сондай-ақ «Сүйемелдеу және рефлексия» әдістемелік практикумы аясында тәрбиешілердің күнделікті тәжірибесінде кездесетін кедергілер талданып, балалардың зерттеушілік және жобалық әрекеттерін ұйымдастыру, ашық сұрақтар қою, педагогикалық қызметті бағалау және өзіндік талдау құралдарын қолдану тәсілдері пысықталды.

Мастер-класс нәтижесінде қатысушылар балалардың танымдық қызығушылығын қолдауға, оқу қызметін зерттеушілік сипатқа айналдыруға және педагогтердің кәсіби дамуын жүйелі сүйемелдеуге бағытталған практикалық құралдармен танысты. Атап айтқанда, қатысушыларға чек-парақтар, сұрақтар қоюға арналған жадынама және өзіндік талдау карталары ұсынылды.

Іс-шараның басты түйіні – педагогтің рөлі дайын білімді жеткізумен шектелмей, баланың өз бетінше ізденуіне, зерттеуіне және жаңалық ашуына жағдай жасауында.
Бөлісу

Басқа жаңалықтар