Өрлеу

«Уақыт пен кеңістік симбиозы»: тарих пен география тоғысындағы шығармашылық хакатон

«Уақыт пен кеңістік симбиозы»: тарих пен география тоғысындағы шығармашылық хакатон

Тарих пен география – өзара тығыз байланысты, бірін-бірі толықтыратын ғылым салалары. Тарих белгілі бір кезеңдегі оқиғалардың себептері мен салдарын түсінуге мүмкіндік берсе, география сол оқиғалардың кеңістіктегі ерекшеліктерін, қоршаған ортаға және өңірлердің дамуына ықпалын зерделеуге жол ашады. Осы екі пәннің өзара байланысын тиімді пайдалану оқушылардың тарихи оқиғаларды жан-жақты түсінуіне, ақпаратты салыстырып талдауына және өткенді қазіргі жағдаймен байланыстыра білуіне ықпал етеді.

Осы мақсаттағы кәсіби-әдістемелік жұмыстың бір бағыты ретінде ұйымдастырылған «Уақыт пен кеңістік симбиозы» хакатоны Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай өткізілді. Іс-шараның мазмұны Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – ядролық сынақтардың тарихи, географиялық және әлеуметтік-экономикалық салдарын пәнаралық тұрғыдан зерделеуге арналды.

Хакатон барысында қатысушылар 1991 жылғы 29 тамыздағы Қазақ КСР Президентінің Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы № 409 Жарлығының тарихи маңызын талқылады. Сонымен қатар ядролық сынақтардың географиялық таралу ерекшеліктерін және олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалын саралау мәселелеріне назар аударылды.

Аталған тарихи оқиғаны әртүрлі қырынан қарастыру өткеннің сабақтарын терең түсінуге мүмкіндік береді. Тарихи деректерді географиялық мәліметтермен байланыстыра талдау арқылы белгілі бір оқиғаның орын алған кезеңі мен аумағын ғана емес, оның қоғамға және өңірдің дамуына тигізген әсерін де зерделеуге болады. Мұндай тәсіл білім алушылардың сыни ойлауын дамытуға, тарихи деректерге сүйене отырып қорытынды жасауына және себеп-салдарлық байланыстарды анықтауына негіз болады.

Институттың аға оқытушылары Әсел Сабиханова мен Гүлжаннат Байболованың ұйымдастыруымен өткен шығармашылық хакатонның негізгі мақсаты – тарихи оқиғаларды қазіргі жағдаймен байланыстыра талдау, тарихи-құқықтық деректер негізінде зерттеушілік дағдыларды дамыту және өскелең ұрпақтың тарихи санасы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.

Онлайн форматта ұйымдастырылған іс-шараға тарих және география пәндерінің мұғалімдері, сондай-ақ тәрбие жұмысына жауапты мамандар қатысты. Кездесу қатысушыларға пәндер арасындағы байланысты нығайтуға, тарихи оқиғаларды оқытуда кешенді тәсілдерді қарастыруға және кәсіби тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік берді.

Хакатон аясында қатысушылар тарихи жадыны сақтау, ядролық сынақтардың салдарын жас ұрпаққа түсіндіру және күрделі тарихи тақырыптарды оқытуда тиімді әдістемелік тәсілдерді қолдану жөніндегі идеяларын ортаға салды. Мұндай кәсіби диалог педагогтерге өз пәнінің мазмұнын кеңірек қарастыруға, оқушыларды зерттеуге бағыттауға және оқу материалын өмірмен байланыстыра түсіндірудің маңызын ұғынуға жағдай жасайды.

Бүгінгі білім беру үдерісінде пәнаралық байланыс оқушының дүниетанымын кеңейтудің маңызды құралы болып отыр. Тарих пен географияны өзара сабақтастыра оқыту оқиғаларды жеке фактілер жиынтығы ретінде қабылдаудан гөрі, олардың себептерін, кеңістіктік ерекшеліктерін және салдарын тұтас түсінуге көмектеседі. Әсіресе, Семей ядролық сынақ полигоны сияқты Қазақстан тарихындағы тағылымы терең тақырыптарды зерделеу жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырумен қатар, азаматтық жауапкершілік пен ел тарихына деген құрметті нығайтуға ықпал етеді.

«Өрлеу» Кәсіби даму институтында ұйымдастырылған бұл хакатон педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, шығармашылық идеяларын ұсынуына және пәндерді кіріктіре оқытудың мүмкіндіктерін қарастыруына арналған әдістемелік алаң болды.

Тарихты түсіну – өткенді тану ғана емес, одан сабақ алып, бүгінгі күннің мәнін ұғыну. Ал уақыт пен кеңістікті өзара байланыстыра зерделеу – оқушының тарихи ойлауын дамытып, білімін өмірмен ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

«Уақыт пен кеңістік симбиозы»: тарих пен география тоғысындағы шығармашылық хакатон — Өрлеу