Өрлеу

«ӨРЛЕУ» ШЫМКЕНТ ФИЛИАЛЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОНЛАЙН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

«ӨРЛЕУ» ШЫМКЕНТ ФИЛИАЛЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОНЛАЙН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

2026 жылғы 18 қарашада «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «Цифрлық дәуірдегі білім берудің трансформациясы: пәндер мен жасанды интеллектінің синергиясы» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференция өтті. Конференция жұмысына еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық педагог қатысты.

Конференцияның мақсаты – білім беру үдерісіндегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың заманауи тәсілдерін талқылау, пәндік оқыту мен цифрлық инновациялардың өзара ықпалдастығын көрсету, педагогтердің цифрлық және жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметінде қолдану құзыреттерін дамыту, сондай-ақ білім сапасын арттыруға бағытталған озық тәжірибелермен алмасу.

Конференцияның пленарлық отырысы «Өрлеу» БАҰО» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Бекіштің құттықтау сөзімен ашылды. Одан кейін Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Асылбек Сарыбасов жасанды интеллект дәуіріндегі педагогтің кәсіби дамуы, «Өрлеудің» басымдықтары мен жаңа мүмкіндіктері туралы баяндама жасады.

Пленарлық отырыста Шымкент қаласы, Түркістан, Павлодар, Жамбыл облыстары мен Астана қаласынан қатысқан білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер және жас зерттеушілер өз тәжірибелерімен бөлісті.

Баяндамаларда цифрлық педагогика, инновациялық оқыту технологиялары, білім берудегі ақпараттық қауіпсіздік, мектепті цифрлық платформалар арқылы басқару, жасанды интеллект негізінде даралап оқыту, интерактивті білім беру ресурстарын әзірлеу және Shyraq.ai платформасын педагогикалық тәжірибеде қолдану мәселелері қамтылды.

Пленарлық бөлім пікір алмасу және панельдік талқылаумен жалғасты.

Конференцияның екінші бөлімінде қатысушылар секциялық жұмыстар аясында өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуды жалғастырды.

Іс-шара педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру тәжірибесіне енгізуге және кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.

Цифрлық өзгерістер жағдайында білім сапасын арттыру – педагогтің кәсіби дамуы мен инновациялық ізденісінің нәтижесі!

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар