Өрлеу

ЖЫР ЖҮЙРІГІ – ҚАШАҒАН

ЖЫР ЖҮЙРІГІ – ҚАШАҒАН
Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасымен бірлесе «Жыр жүйрігі – Қашаған» тақырыбында облыстық оқырмандар конференциясы өтті.

Конференцияның басты мақсаты – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар жыр алыбы Қашаған Күржіманұлының шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеу, оның әдеби-ғылыми маңызын ашу және ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау.

Шара барысында Мұнайлы ауданы №7 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Шамуратова «Қашаған Күржіманұлы шығармашылығы: ұлттық тұтастық пен шежірелік сарын» тақырыбында баяндама жасап, ақын мұрасын факультативтік сабақтарда оқыту тәжірибесімен бөлісті.

Мектеп кітапханасының меңгерушісі Айсулу Келимбердиева жас оқырмандар арасында ақын шығармаларын насихаттау бағытындағы кітапханалық жұмыстарға тоқталды.

Yessenov University аға оқытушысы, PhD докторант, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Қашаған – сөздің дүлдүлі», «Жыр жүйрігі – Қашаған» кітаптарының құрастырушысы Бақтыбай Жайлау Сарсенбайұлы «Қашаған мұрасы – зерделі ұлттың рухани қазынасы» тақырыбында ой қозғап, ақын мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеу, кітап оқу мәдениеті мен ұрпақ сабақтастығының маңызын атап өтті.

Кездесу барысында белгілі жыршы, жырау Жеткізген Бұлтуғанұлы Сейітов Қашаған жырларын домбырамен орындап, шығармалардың тарихи мазмұнына тоқталды. Сонымен қатар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алшын Сүйемов пен ақын, ардагер тележурналист Гүлнар Науырша Қашаған жырауға арналған өлеңдерін оқыды.

Кеш қонағы, ақын-композитор Ерекен Қорабаев Қашаған шығармаларындағы жыраулық дәстүр мен ақындық шеберліктің ерекшеліктеріне тоқталып, тағылымды пікірлерімен бөлісті. Облыстық музыка мектебінің жас жыршылары да ақын шығармаларынан жыр шашуын тарту етті.

Конференция соңында «Өрлеу» БАҰО АҚФ Маңғыстау облысы бойынша Кәсіби даму институтының жетекші маманы Ақкүріш Базарқызы Утебаева және Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының өлкетану бөлімінің меңгерушісі Тәттігүл Күйкентайқызы Қуанбаева қатысушыларға алғыстарын білдіріп, кеш қонақтарын алғыс хаттармен марапаттады.
Бөлісу

Басқа жаңалықтар