Өрлеу

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ: «ӨРЛЕУ» ПЕДАГОГТЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ: «ӨРЛЕУ» ПЕДАГОГТЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА

Қаржылық сауаттылық – қазіргі қоғамдағы маңызды құзыреттердің бірі. Осы бағытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен бірлесіп, педагогтердің қаржылық сауаттылығын арттыруға және білім алушылардың жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру жобасын жүзеге асыруда.

Жоба 2025 жылы басталды. Оның негізін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Сараптамалық кеңесінің міндетті сараптамасынан өткен «Қаржылық сауаттылық негіздері» білім беру бағдарламасы құрайды.

Бағдарлама аясында педагогтерге арналған ғылыми негізделген, практикалық бағыттағы оқу-әдістемелік кешен әзірленді. Оның құрамына сабақ сценарийлері, практикалық кейстер, презентациялар, өзіндік жұмыс тапсырмалары және цифрлық білім беру ресурстары енгізілген.

Жобаның ерекшелігі – оқытудың мультимедиалық форматта ұйымдастырылуы. Бағдарлама бойынша отбасылық бюджет, несиелеу, инвестиция, зейнетақымен қамсыздандыру, цифрлық активтер, қаржылық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және алаяқтықтың алдын алу тақырыптарын қамтитын 30 оқу бейнеролигі әзірленді.

Қазіргі уақытта бағдарлама «Өрлеу» филиалдарының барлығында жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін еліміздің барлық өңірінен 9 378 педагог «Қаржылық сауаттылық негіздері» бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды. Қатысушылар саны бойынша Түркістан және Алматы облыстары алдыңғы қатарда.

Жобаны 2027 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар 2026–2027 оқу жылында бағдарлама аясында орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тағы 10 000 басшысы мен педагогін оқыту көзделіп отыр.

«Өрлеу» мен Ұлттық Банктің бірлескен бастамасы педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, қаржылық сауатты ұрпақ тәрбиелеуге және қоғамда жеке қаржыны жауапкершілікпен басқару мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу

Басқа жаңалықтар

ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ: «ӨРЛЕУ» ПЕДАГОГТЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРУДА — Өрлеу