Өрлеу

Педагогикалық тәлімгерлік: білім алушының тұлғалық таңдауын сүйемелдеу

Педагогикалық тәлімгерлік: білім алушының тұлғалық таңдауын сүйемелдеу
Педагогтің міндеті – білім беру ғана емес, білім алушының өз жолын табуына бағыт-бағдар беру. Ал сол жолда дұрыс таңдау жасауға көмектесу, әлеуетін ашу және өз күшіне сенімін нығайту – тәлімгерліктің басты мәні.
2026 жылғы 23 қазанда осы маңызды тақырып төңірегінде «Педагогикалық тәлімгерлік: білім алушының тұлғалық таңдауын сүйемелдеу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Кездесу педагогикалық тәлімгерліктің қазіргі білім беру жүйесіндегі рөлін саралап, тәжірибе мен тың идеяларды ортаға салуға мүмкіндік берді.

Конференцияға Қазақстанның Астана, Ақтөбе, Өскемен, Атырау қалаларынан, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарынан келген педагогтер, сондай-ақ Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясының өкілдері қатысты. Әртүрлі өңірлер мен елдердің мамандарын біріктірген кәсіби диалог тәлімгерлік тәжірибесін жаңа қырынан қарастыруға жол ашты.

Конференцияның өзегі – білім алушының жеке мүмкіндіктерін танып, оның саналы таңдау жасауына қолдау көрсету. Қатысушылар педагогикалық тәлімгерліктің заманауи тәсілдерін, жеке қолдау көрсетудің тиімді модельдерін, білім беру ұйымдарындағы табысты тәжірибелерді талқылады. Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дербестендірілген оқытуда қолдану мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Тәлімгерлік – дайын жауап ұсыну емес, дұрыс сұрақ қоюға, мүмкіндіктерді көруге және өз шешіміне жауапкершілікпен қарауға үйрету. Осы тұрғыдан алғанда, конференция әріптестер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, білім алушының тұлғалық және кәсіби қалыптасуына ықпал ететін тиімді тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.

Халықаралық тәжірибе алмасу мен ашық кәсіби диалог білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, педагогикалық тәлімгерліктің мазмұнын жаңа идеялармен толықтыруға ықпал етеді.
Бөлісу

Басқа жаңалықтар

Педагогикалық тәлімгерлік: білім алушының тұлғалық таңдауын сүйемелдеу — Өрлеу