Өрлеу

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КӨМЕГІМЕН ОҚУ МАТЕРИАЛДАРЫН ДЕРБЕСТЕНДІРУ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КӨМЕГІМЕН ОҚУ МАТЕРИАЛДАРЫН ДЕРБЕСТЕНДІРУ

«Дербестендірілген оқытуға арналған цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект» біліктілікті арттыру курсы аясында мұғалімдердің жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып, оқушылардың оқу деңгейіне, ақпаратты қабылдау ерекшеліктері мен жеке қажеттіліктеріне сәйкес аудио және бейнематериалдар әзірлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған практикум өткізілді.

Практикумның негізгі мақсаты – бір оқу материалын әртүрлі форматта ұсынып, оны білім алушылардың жеке мүмкіндіктеріне қарай бейімдеу жолдарын меңгерту. Бұл тәсіл оқытуды дербестендіруге және әр оқушыға қолайлы білім беру мазмұнын ұсынуға мүмкіндік береді.

Практикалық тапсырмалар қарапайымнан күрделіге қарай кезең-кезеңімен құрылып, әрбір келесі жұмыс алдыңғы тапсырманың нәтижесіне негізделді. Осылайша, тыңдаушылар бір мәтінмен жұмыс істеуден бастап, оны аудио, бейне және көпформатты мазмұнға айналдыруға дейінгі үдерісті бірізді меңгерді.

Алғашқы кезеңде қатысушылар өз пәндері бойынша тақырып таңдап, сол тақырыпқа арналған аудио түсіндірменің бірнеше нұсқасын әзірледі. Бұл ретте сөйлеу қарқыны, тілдік күрделілік деңгейі мен мысалдар оқушылардың жеке ерекшеліктеріне сәйкес бейімделді. Сонымен қатар оқушының орындаған жұмысына арналған жеке, нақты әрі қолдаушы сипаттағы аудио кері байланыс дайындады. Аталған жұмыстар белгіленген бағалау критерийлері бойынша бағаланды.

Келесі кезеңде тыңдаушылар оқу тақырыбы бойынша сценарий әзірлеп, жасанды интеллект құралдарының көмегімен қысқа түсіндірме бейнероликтер жасады. Бұл жұмыста сценарийдің құрылымына, ақпараттың мазмұндық дәлдігіне және баяндау тілінің түсініктілігіне басымдық берілді.

Қорытынды тапсырмада бір оқу материалы мәтін, аудио және бейне форматтарында ұсынылып, әр форматтың қандай оқушыға және қандай оқу қажеттілігіне тиімді екені негізделді. Нәтижелер бағалау критерийлері арқылы сараланды.

Практикум барысында тапсырмалар жұптық және топтық форматта орындалып, тыңдаушылар өзара пікір алмасып, жұмыстарын талқылады. Сабақ соңында рефлексия жүргізіліп, қатысушылар меңгерген дағдыларын өз сабақтарында қолдану мүмкіндіктерін саралады.

Тренер: Жорабекова Гүлнұр Абдықадырқызы.

 

 

Бөлісу

Басқа жаңалықтар