РЕФЛЕКСИЯЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ: ТРЕНЕРДІҢ КӘСІБИ ДАМУЫНА БАҒДАР

4 қараша күні «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Батыс Қазақстан облысы бойынша Кәсіби
даму институты» филиалында кәсіби даму апталығы аясында «Тәжірибеге негізделген
оқыту: педагогтердің кәсіби дамуындағы тренердің рөлі» тақырыбындағы төрт
күндік оқытудың кезекті семинары өтті. «Рефлексиялық тәжірибе» тақырыбына
арналған семинарға филиалдың аға оқытушылары қатысты.
Семинарды British Council-дың AELLCA (Accelerating English Language
Learning in Central Asia) халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша
интенсивті оқу курсынан өткен директордың орынбасары К.И. Байкатова жүргізді.
Іс-шараның мақсаты — рефлексияның тренинг барысындағы орнын түсіндіру, оның
кәсіби тәжірибені жетілдірудегі құндылығын айқындау және рефлексиялық
модельдерді оқыту мақсаттарына сәйкес қолдану жолдарын қарастыру.
«Рефлексиялық модельдер» тақырыбындағы миға шабуыл барысында қатысушылар
рефлексияны ұйымдастыру тәжірибелерімен бөлісіп, оның педагогтің өз әрекетін
талдауына, қабылдаған шешімдерін бағалауына және келесі қадамдарын жоспарлауына
ықпалын талқылады. Теориялық блокта рефлексиялық модельдердің құрылымы мен
ерекшеліктері зерделенді.
«Тәжірибе айнасы» кейс әдісі арқылы аға оқытушылар нақты педагогикалық
жағдаяттарды талдап, Колб, Гиббс, Шон және Брукфильд модельдерін қолдану
мүмкіндіктерін қарастырды. Талқылауда тәжірибеден үйрену, әрекет барысындағы
және әрекеттен кейінгі рефлексия, сондай-ақ педагогикалық тәжірибені әртүрлі
көзқарас тұрғысынан бағалау мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар Рольф моделі, Терри Бортонның дамытуға бағытталған рефлексиялық
құрылымы және Фред Кортхагеннің рефлексиялық моделі қарастырылды. Қатысушылар
модельдерді сұрақтар жүйесі, талдау тереңдігі және тәжірибені жетілдіруге
бағытталуы бойынша салыстырып, олардың нақты оқыту жағдайларындағы практикалық
құндылығын талқылады.
«Рефлексиялық модельдерді оқыту мақсаттарымен сәйкестендіру» топтық
жұмысында филиалдың аға оқытушылары берілген мақсаттар мен педагогикалық
жағдаяттарға сәйкес модельдерді таңдап, өз шешімдерін негіздеді. Бірлескен
жұмыс барысында рефлексиялық сұрақтар құрастырып, оларды тренингтің әр
кезеңінде қолдану жолдарын ұсынды. Өзара пікір алмасу рефлексияны ұйымдастыру
тәсілдерін толықтырып, әріптестер тәжірибесіне жаңаша қарауға мүмкіндік берді.
Семинар рефлексияны оқыту соңындағы кері байланыспен шектемей, тренердің
кәсіби шешімдерін негіздеуге және оқыту сапасын жетілдіруге мүмкіндік беретін
жүйелі тәжірибе ретінде қарастыруға бағытталды.
Басқа жаңалықтар

УНИВЕРСИТЕТ ПЕН МЕКТЕП ЫНТЫМАҒЫ: ТЕОРИЯДАН ПРАКТИКАҒА ҚАДАМ
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «ЖОО мен мектептің өзара байланысы» бағыты аясында «Теориядан практикаға қадам» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар өтті.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – БІЛІМ БЕРУДЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҚҰРАЛЫ
Сабақ барысында мұғалімдер ChatGPT және басқа да жасанды интеллект платформаларымен жұмыс істеп, олардың білім беру саласындағы мүмкіндіктерін тәжірибе жүзінде зерделеді.

КУРСТЫҢ ЕКІНШІ КҮНІ: ОҚУ МАҚСАТЫНАН – НАҚТЫ НӘТИЖЕГЕ
Курс барысында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын тиімді іске асыру, оқу үдерісін сауатты жоспарлау және күтілетін нәтижелерге қол жеткізу мәселелеріне басымдық берілуде.